Ассалаумағалейкүм, ағайын!
2014 жылдың 15 мамырында Марфуға Шапиян есімді қолданушының "Қазақта кім бар еді Құнанбайдай?" деген тақырыппен құнды мақаласы жарияланған еді. "Шәкәрімнің анасы кім болған?" атты мақала да көпшіліктің ыстық ықыласымен оқылғаны есімізде. Осы тәрізді тұшымды дүниелер, құнды зерттеулер көп болғай!
Жоғарыда аталған Құнанбай жөніндегі мақалаға пікір жазушылардың бірі "Абай жолы" романының авторы Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен Құнанбайдың көркем бейнесі турасында жақсы ой айтқан еді. Үзінді келтірейік: "шебер жазушы Құнанбайды қанша қатал етіп суреттегенімен тағынан түсіріп, деңгейін төмендетпеген". Осы пікірдің аздаған дәлелі, бір шындығы ретінде көркем шығармадан үзінді келтіріп, азды-көпті ой айтқанды жөн көрдік.
"Бұл жолға Құнанбай бір жыл бұрын бекінген болатын. Бекінумен бірге былтырғы көктемнен бері қарай, жаз бойы, күз, соғым кездері болсын, бәрінде қайта-қайта мал сатқызып, ақша жиып әзірленіп келген. Жолына қаншалық пұл керегін білсе де, Құнанбай сол керек деген мөлшерден төрт-бес еседей артық пұл алып барады. Барған соң, тәуір ниетпен татымды боп бармақ. Бір жылдан бері көп мал сатқызғанда, байырғы өзінің қол малынан, ата мүлкінен әдейі іріктеп алып, тұнық судай тазасын сатқызды. Құнанбай қостарындағы атақты жирендер мен киік құланың топтары осы жыл едәуір азайып, селдіреп те қалып еді.
Құнанбай өмір бойында сарандықтың құлы болған кісі емес. Бірақ ашылып-шашылғыш та емес. Парықсыз болмайын дейтін. Қарқаралыда қазақ салмаған мешіт салғызу сияқты іс болса, оған ақтарылып түсетін. Мына сапарда да сондай бір нәрсеге бекінген сияқты. Бірақ не істемегін, тіпті қатын-балаға да айтқан жоқ. Барып орындап қайтса, сонда білдіреді.
Ақша-пұлды шотпен қағып көп есептеген Тінібек қүдасы өткен түнде Қүнанбайдың барлық сомасын өз қолынан санап, қаптап тұрып, ықшамды темір сандыққа бекітіп беріп жатып:
– Мырза, осынша артық пұлды несіне алдыныз? – деп көптен ойлап жүрген бір жайын сұрап еді. Құнанбай сонда да шешілген жоқ-ты.
– Барсын, қайтесің, бай? Мал өзіміз үшін, өзіміз мал үшін туғамыз жоқ қой! – деп келте қайырған.
Сөйтіп, пұл – уайым емес. Қиын сапар уайым болса, ол – кәріліктің тақаулығы, қайрат қайтқандығы. Соны, әсіресе көп ойлап, Құнанбай осы жолға өзі баратын ниетті Ызғұттыға да ниет етіп, оны қасына жолдас еткен. Ол көптен бергі сенімді серігі болатын. Жол киімін осы қалада Мәкішке су жаңа қып тіккізіп киінген Ызғұтты, қазір де Құнанбайдың дәл өз қасында отырғаны сол". (Әуезов М. Абай жолы: роман-эпопея, Екінші кітап. – Алматы: "Жазушы" баспасы, 2002 ж., 8-9 б.).
Романнан келтірілген үзіндіден бірнеше жайтты аңғаруға болады. Жазушы Құнанбайдың көркем бейнесін барынша шындыққа жанасымды етіп суреттеуді мақсат еткен. Қажылыққа баруды табан астында ойға алып жол жүрмей, ұзақ уақыт әзірленіп, мал сатып, ақша жиып, үлкен дайындық жасайды. Бұл – ниеттегі ыждағаттылықтың көрінісі. Тіпті, ақшаны керек мөлшерінен бірнеше есе етіп артығымен жиып, "тәуір ниетпен татымды боп бармақ" болады. Бұл да – амалдың абзалы. Қажылыққа адал жолмен келген байлықпен баратынды ескерсек, Құнанбай да роман оқиғаларында суреттелетін барымта-қарымда, ұрыс-шабыс кезінде қолға түскен малдан емес, өзге ағайынның дүниесінен емес, "өзінің қол малынан, ата мүлкінен әдейі іріктеп алып, тұнық судай тазасын сатқызады". Меніңше, бұл да – тақуалықтың бір көрінісі. Сараңдық танытпай, Алла жолында ақтарыла жомарттық жасайтыны да романда ап-айқын. Сол жомарттығын көз қылып, амалына рия қоспайды да. "Осыншалық артық пұлды несіне алдыңыз?" деп сұраған қадірлі құдасына да сырын ашып айтпай, жақсы ниетін "Мал өзіміз үшін, өзіміз мал үшін туғамыз жоқ қой!" деп қана жауап қайырады. Қажылыққа аттанар алдында жол киімін су жаңа қып тіккізген Ызғұттыдай ағайынын жолдас етіп жанына ертуі де біраз жайды аңғартса керек.
Заман саясатының ықпалымен жазылған көркем шығармада Құнанбай бейнесінің пендешілігі басымырақ суреттелгенімен, заңғар жазушы исі қазақтың ардақтысын астыртын ақтап отырады.