Дәулетбек Байтұрсынұлының бір өлеңі
Дәулетбек Байтұрсынұлының бір өлеңі

Шаттығыңды жалғайтындай шаттыққа,

Бағытыңды бұратындай бақ-құтқа,

Қуанғанда табылатын қасыңнан,

Айнымайтын адал досты таптық па?!

 

Шерің болса көкіріктен тарқайтын,

Кір қалдырмай көңіліңді сарқа айтып.

Досың бар ма мөлдіреген ой берер,

Мейіріңді өсіретін марқайтып?!

 

Қаптатқанда қара дауыл бұлтын көк,

Қара ормандай көтерілер біртіндеп,

Алмағайып заман туса абайсыз,

Атқа мінер досың бар ма "ұлтым" деп?!

                                                                      

Есеп болмай жоқтығың мен барлығың,

Бағалайтын биік санап ар құнын.

Адамзаттың бақытына бағыштап

Өткізетін досың бар ма әр күнін?!

 

Алла ісіне арнап өткен жиғанын,

Сезінбейтін одан артық сый барын,

Жүрегіне ұялатқан мейірім,

Досың бар ма қорғап өткен иманын?!

 

Бар кезінде бұл жалғанда тірі атың,

Шөл қандырып бірге кеңес құратын,

Бір жұмадай көрмей қалса аңсатып

Досың бар ма сағандырып тұратын?!

– Менің досым сондай ізгі бір ақын.

 

"Мәңгілік мекен" жыр жинағы,

Алматы, "Жалын баспасы", 2008.

Нұржан НұрланұлыНұржан Нұрланұлы
9 лет назад 5030
0 комментариев
О блоге